Қытайда дәрігерлер қыздың басына қадалған 15 сантиметрлік пышақты суырып алды

Автор: Алмас Ерсін

Қыздың анасы төсек-орын ауыстырып жатқан кезде жайманы сермеп жібергенде пышақ ұшып кетіп, баланың басына тиген

Фото: Freepik

Қытайда дәрігерлер үш жасар қыздың бас сүйегіне қадалған 15 сантиметрлік пышақты сәтті шығарып алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл туралы South China Morning Post басылымы жазды.

Оқиға Қытайдың оңтүстік-батысындағы Куньмин қаласында болды. Қыздың анасы төсек-орын ауыстырып жатқан кезде жайманы сермеп жіберген, соның салдарынан жақын жерде жатқан пышақ ұшып кетіп, баланың басына тиген.

«15 сантиметрлік пышақ қыздың оң құлағының сәл үстінде тұрып қалған. Қыздың анасы пышақты өзі шығарып алмақ болған, бірақ қолынан келмеген. Әйел жедел жәрдем шақырмаған – ол қызымен бірге ауруханаға жаяу барған, дәрігерлер пышақты сәтті алып тастаған», - делінген хабарламада.

Дәрігерлердің айтуынша, қыз бас сүйегінің жұмсақтығының арқасында ғана аман қалған. Алайда қыздың анасы пышақты суырып алса, қауіп орасан зор болар еді. Ал Қытай полициясы қылмыстық ниеттің жоқтығын растап, бұл жағдайды оқыс оқиға деп таныды.

Еске сала кетейік, Танзания тұрғыны кеуде тұсына кіріп кеткен пышақпен сегіз жыл өмір сүріп келген. Дәрігерлердің айтуынша, пышақ жүзі жүрек, өкпе және ірі қан тамырларын жанап өткен.

«Ол сәл ғана қозғалғанда, өмірін сақтап қалу мүмкін болмас еді», – дейді дәрігерлер.

Хирургтер күрделі ота жасап, пышақты асқан сақтықпен алып тастады, сондай-ақ тіндердің некрозынан пайда болған іріңді шығарды.