Эммануэль Макрон әйелін «еркек» деген америкалық блогерді сотқа берді

Автор: Темірхан Айжан

Талап-арыз 218 беттен тұрады 

Фото: Getty Images

Франция президенті Эммануэль Макрон мен оның жұбайы Брижит Макрон өздері туралы жалған ақпарат таратқан америкалық ультраконсервативті блогер Кэндис Оуэнске қарсы сотқа арыз берді. Оуэнс Брижит Макронды «ер адам болып туған» деп мәлімдеген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі ВВС-ге сілтеме беріп.

AFP агенттігінің хабарлауынша, 218 беттен тұратын арыз АҚШ-тың Делавэр штатының сотына берілген. Онда Оуэнстің әрекеттері «сандырақ, жала және шындыққа мүлдем жанаспайтын ойдан шығарылған ақпарат» деп сипатталған.

Кэндис Оуэнстің әлеуметтік желілерде миллиондаған жазылушысы бар. Ол бірнеше рет Брижит Макронның жынысын ауыстырғанын айтып, «Брижитке айналу» деген бейнероликтер сериясын да жариялаған.

Бұл ақпарат әлеуметтік желілерде бұрын тараған. Онда Францияның бірінші ханымы шын мәнінде Жан-Мишель Троньё деген атпен дүниеге келген делінеді, ал шын мәнінде, бұл Брижиттің ағасының аты. Ақпарат ешқандай нақты дәлелге негізделмеген.

Макрондар өз адвокаттары арқылы Кэндис Оуэнстен бұл мәлімдемелерді тоқтатуды бірнеше рет сұрағандарын, алайда блогер жауап бермеген соң, сотқа жүгінуге тура келген. Олардың айтуынша, Оуэнс өз мәлімдемелерінің жалған екенін дәлелдейтін айғақтардың барына қарамастан, әдейі жала жабуды тоқтатпаған.

Сондай-ақ арызда Оуэнс Макрондар туралы тағы екі жалған мәлімдеме жасағаны жазылған: бір - Эммануэль мен Брижиттің туыстық қатынасы бар екені, екіншісі - Эммануэль Макронды АҚШ-тың Орталық барлау басқармасы президент етіп сайлағаны туралы болған.

«Бұл жала жабудың айқын мысалы», - деді ерлі-зайыпты Макрондардың мүддесін қорғап отырған адвокат Том Клэр.