Бұл Американы сауықтыру бағдарламасына кіреді
АҚШ президенті Дональд Трамп Coca-Cola компаниясымен келіссөздер жүргізіп, америкалық нарыққа арналған сусындарда табиғи өсімдік қантының қолданылатынын мәлімдеді,деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы ол Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
«Мен Coca-Cola-мен келіссөздер жүргізіп, АҚШ-та сатылатын Coca-Cola құрамына табиғи қанттың енгізілуіне қол жеткіздім. Компания басшылығына алғысымды білдіремін», – деді Трамп.
Reuters агенттігінің жазуынша, бұл бастама «Make America Healthy Again» – «Американы қайтадан сау етейік» атты ұлттық қозғалыстың аясында жүзеге асып жатыр. Бұл қозғалысты АҚШ-тың денсаулық сақтау министрі Роберт Ф.Кеннеди-кіші қолдап отыр.
Кеннеди азық-түлік өнімдерінің құрамын жақсартуға, оның ішінде жасанды бояғыштар мен жоғары өңделген ингредиенттерді алып тастауға бағытталған реформаларды алға тартып жүр.
АҚШ-та сатылатын Coca-Cola құрамында әдетте жоғары фруктоза қосылған жүгері шәрбаты пайдаланылады. Ал компанияның басқа елдерге арналған өнімдерінде табиғи тростник қанты жиі қолданылады.
Кеннеди америкалықтардың қантты шамадан тыс тұтынуын сынға алып, табиғи әрі толыққанды өнімдерді қолдауға шақырады. Жазда жарияланатын жаңартылған диеталық ұсыныстарда дәл осы бағыт көрініс табады деп күтіліп отыр.
Әзірге Ақ үй де, Coca-Cola компаниясы да Трамптың бұл мәлімдемесіне ресми түсініктеме берген жоқ.