Ол Қазақстан БРИКС-ке енді қосылып, белсенді болғанын айтты
Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен БРИКС елдері көшбасшыларының 17-ші саммиті ұйымның жаңа даму кезеңіне жол ашты. Бұл туралы Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Хань Чуньлин мәлімдеді,деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Саммитке Индонезияның ресми түрде мүшелікке қабылдануы және 10 елдің серіктес ретінде қатысуы БРИКС-тің кеңейтілген форматын бекемдей түсті. Хань Чуньлиннің айтуынша, бұл кеңейту әлемнің жартысына жуық халқын қамтитын, әлемдік ЖІӨ-нің үштен бірінен астамын өндіретін және жаһандық өсімнің 50%-ын қамтамасыз ететін жаңа одақтың қалыптасуына негіз болды.
«БРИКС – Глобалдық Оңтүстіктің мүддесін қорғайтын басты күшке айналды. Бұл саммитте қабылданған «Рио-де-Жанейро декларациясы» мен климаттық қаржыландыру және жасанды интеллекті басқару жөніндегі мәлімдемелер елдеріміздің ортақ бағытта әрекет етіп отырғанын айғақтайды», – деді Хань Чуньлин.
Елші Қытай мен Қазақстан арасындағы стратегиялық серіктестікке ерекше тоқталды. Қазақстан 2025 жылы БРИКС-тің ресми серіктес еліне айналып, жаңа форматтағы ынтымақтастыққа белсенді қосылды.
«Қытай Қазақстанмен бірлесе отырып, БҰҰ-ның орталық рөлін нығайтуға, әділетті әрі инклюзивті халықаралық тәртіп орнатуға, көпжақты сауда мен жаһандық тұрақтылықты қорғауға ниетті. Бұл – біз ортақ мақсат пен болашақты бөлісетін сенімді серіктестер екенімізді көрсетеді», – деді Қытайдың елшісі.
Елші өз сөзінде Қытайдың «БРИКС+» моделін алғаш ұсынғанын және бұл бастама дамушы елдердің дауысы мен рөлін күшейтуге бағытталғанын баса айтты. Қазіргі таңда бұл механизм жаһандық диалогқа қатысу кеңістігін ұлғайтып, жаңа экономикалық және технологиялық серіктестіктерге жол ашуда.
«Қытай жаһандық басқару үлгісін реформалауда әділеттілік пен теңдік қағидаларын алға тартады. Біз «бейбіт БРИКС», «жасыл БРИКС», «инновациялық БРИКС» және «мәдени БРИКС» тұжырымдамалары аясында дәйекті түрде жұмыс істейміз», – деді Хань Чуньлин.
Биыл – Қытай халқының жапон басқыншылығына қарсы күрестегі жеңісінің және БҰҰ құрылуының 80 жылдығы. Осыған орай елші қазіргі геосаяси ахуалға тоқталып, бейбіт даму мен жаһандық әділеттілікке ұмтылу – Қытай мен Қазақстанның ортақ миссиясы екенін атап өтті.
«Қандай жағдай болмасын, Қытай өзінің глобалдық Оңтүстіктің бөлігі екенін ұмытпайды. Біз барлық дамушы елмен бірге өсіп-өркендеуді қалаймыз. Қытай Қазақстанмен және басқа серіктес елдермен БРИКС механизмін одан әрі жетілдіруге белсенді үлес қоса береді», – деп түйіндеді елші.