Испанияда мигранттар мен жергілікті тұрғындар арасында қақтығыс болды

Автор: Темірхан Айжан

Бес адам жараланды 

Фото: Martín C./Europa Press/AP

Испанияның оңтүстік-шығысындағы Торре-Пачеко қаласында 29 маусым күні кешке Солтүстік Африкадан келген мигранттар, жергілікті тұрғындар мен радикалды оңшыл топтар арасында қақтығыс болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі CNN-ге сілтеме жасай отырып.

Ресми мәліметке сәйкес, тәртіпсіздік кезінде бес адам жараланып, бір адам қамауға алынды. Билік жағдайды бақылауға алғанын мәлімдеді. Қалада ахуал тұрақтала бастады, дегенмен қамауға алынатындар қатары артуы мүмкін.

Өткен аптаның ортасында көшедегі қарияға белгісіз топ шабуыл жасаған, осы оқиғадан кейін жаппай тәртіпсіздіктер басталып кеткен. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Шабуыл жасағандар әзірге анықталған жоқ.

Үкімет делегаты Мариола Гевара тәртіпсіздіктерге байланысты алаңдаушылық білдіріп, жағдайды ушықтырған әрекеттерді айыптады. Оның айтуынша, қалада қоғамдық тәртіпті сақтау үшін қосымша қауіпсіздік күштері жұмылдырылған.

Ресми деректерге сәйкес, Торре-Пачеко тұрғындарының үштен бірі – шетел азаматтары, әсіресе ауыл шаруашылығында маусымдық жұмыс істейтін еңбек мигранттары көп.

Еске салайық, 2000 жылы Альмерия провинциясындағы Эль-Эхидо қаласында да осыған ұқсас ірі антииммигранттық тәртіпсіздік болып өткен еді.