Жанартау тағы да атқылауы мүмкін
Индонезияның Флорес аралында орналасқан Левотоби-Лаки-Лаки жанартауы екі рет атқылап, күл мен ыстық газды 18 шақырымға дейін көтеріп, шашты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қаза тапқандар туралы мәлімет белгісіз. Алайда ондаған халықаралық және ішкі рейс тоқтатылды.
Геологтардың мәліметінше, жанартаудан шыққан лава, улы газ 3 шақырымға дейін жайылып, бірнеше ауылды шаң басып қалған. Мамандар жанартау тағы да атқылайды деп болжап отыр. Индонезия геология агенттігінің жетекшісі Мухаммад Вафид мұның әуе апатына себеп болуы мүмкін екенін жасырмады. Сондықтан тұрғындар мен туристерді эвакуациялау аймағынан алшақ болуға шақырды.
Бали аралындағы Нгурах-Рай халықаралық әуежайының өкілі Ахмад Сьяуги Шахабтың айтуынша, 24 рейс, оның ішінде Аустралия, Сингапур, Оңтүстік Корея бағыттары тоқтатылды. Jetstar, Virgin Australia және AirAsia Indonesia сияқты әуе компаниялары бірнеше рейсін кейінге қалдырды. Алайда Бали әуежайы қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.
Жанартау алғаш атқылағанда ауылдарда жарты сағатқа жуық күн сәулесі көрінбей қалған. Күл мен тас қиыршықтары бес шақырымға дейін шашылған. Вулканология орталығы лава ағындарының қаупі жоғары екенін ескертіп отыр.
Индонезияда 120 белсенді жанартау бар. Ел «Отты шеңбер» бойында орналасқан, бұл аймақта жер сілкіністері мен жанартау атқылаулары жиі болады.