Францияда Макронды сынаған депутаттың мәйіті табылды

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол 54 жаста болған

Фото: AFP

Франция Ұлттық жиналысының 54 жастағы депутаты Оливье Марленің мәйіті өз үйінен табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

AFP хабарлағандай, Марле президент Эмманюэль Макронның белсенді сыншысы ретінде танымал болған.

Марқұмның денесі Эр -е-Луар провинциясындағы өз үйінен табылған. Бұл туралы Фредерик Шевалье, осы өңірдің прокуроры мәлімдеді.

Оқиға орнында жандармерия қызметкерлері тергеу бастады. Қайтыс болу себептерін нақтылау мақсатында толыққанды сот-медициналық сараптама жүргізіліп жатыр.

Марле қайтыс болғаны туралы хабар тарағаннан кейін, Ұлттық жиналыстың депутаттары бұл қайғылы жағдайды үлкен күйзеліспен қабылдап, оған бір минут үнсіздікпен құрмет көрсетті.

 «Республиканшылар» фракциясының жетекшісі және Марленің саяси серігі Лоран Вокье оқиғаны былай деп сипаттады.

«Оливье – ұстанымы берік, қоғамдық мүддені табандылықпен қорғаған, пікірталас мәдениетін биік деңгейге көтерген тұлға еді», - деді ол.

Қазіргі таңда тергеу ешбір нұсқаны жоққа шығармай, барлық ықтимал себепті қарастырып жатыр.