Ресей Украинаға 1245 сарбаздың денесін қайтарды

Автор: Темірхан Айжан

Бұл Ыстамбұл келісімдері аясында жүріп жатыр 

Фото: Getty Images

Украинаның үйлестіру штабы соғыста қаза тапқан 1245 әскери қызметкердің денесі елге берілгенін хабарлады, Ал Ресей Қорғаныс министрлігі 1248 мәйітті бергенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ВВС-ге сілтеме жасап.

«Осылайша, 2 маусымда Ыстамбұлдағы келісімдердің репатриациялық бөлігі орындалды», -деп атап өтті үйлестіру штаб. Жалпы алғанда, алмасу аясында Украинаға 6057 қаза тапқан әскердің денесі қайтарылды.

Сонымен қатар, Ресей Қорғаныс министрлігі Украиналық тарапқа тағы 2239 мәйіт беруге дайын екенін мәлімдеді.

Ресей президентінің көмекшісі және Ресей келіссөздер тобының басшысы Владимир Мединский Ресейдің Украинаға 6060 қаза тапқанның денесін бергенін, ал Украинаның Ресейге 78 мәйітті қайтарғанын жазды.

Өткен дүйсенбі, 9 маусымнан бастап Ыстамбұл келісімдері аясында соғыс тұтқындарын және қаза тапқандардың денесін алмасу жүріп жатыр.