Тегеран халықаралық келісімге қол қоюға ниетті
Иран билігі ядролық қаруға иелік етпейтініне кепілдік беретін халықаралық келісімге қол қоюға дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы елдің Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи хабарлады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy РБК-ға сілтеме жасап.
«Біз Иранда ядролық қарудың жоқтығына кепіл бола алатын кез келген келісімге дайынбыз. Өйткені біздің ұстанымымыз бойынша, ядролық қару – тыйым салынған», – деді Аракчи.
Алайда министр Тегеранның бейбіт мақсатта ядролық энергияны пайдалану құқығынанбас тартпайтынын баса айтты. Оның сөзінше, Иран азаматтық атом бағдарламасын дамытуды өз құқығы ретінде сақтап қалуы керек.
Иранның Сыртқы істер министрі Израиль тарапынан шабуылдар тоқтатылған жағдайда, Тегеран да жауапты әрекеттерін доғаруға дайын екенін жеткізді.
«Егер Израиль біздің нысандарға соққы беруді доғарса, біз де жауап бермейміз. Бірақ қазіргі әрекеттер Тель-Авивтің Иран мен АҚШ арасындағы ядролық келіссөздерге кедергі келтіру мақсатын көздейді»,– деді ол.
Министрдің айтуынша, АҚШ тарапы Иранға Израиль операцияларына қатыспайтыны туралы уәде берген. Алайда Тегеран бұл мәлімдемелерге сенімсіздікпен қарайтынын ашық айтты.
«Бізге Вашингтоннан операцияға қатыспайтыны жайлы хабар жетті. Бірақ бұған нақты дәлелдер қажет»,– деді Аракчи.
Қазіргі мәлімдеме Иранның бейбіт жолды таңдауға ұмтылысын білдірсе де, Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленістер оны жүзеге асыруға кедергі болуы мүмкін.