Қақтығыс 10 минутқа созылған
Камбоджа Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, қақтығыстан 48 жастағы сержант Суан Роан қаза тапқан. Оның денесі шекарадан шығарылып, жерлеуге жөнелтілді. Таиланд армиясы Камбоджаны бірінші оқ атты деп айыптап, өз сарбаздарының түгел аман екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қарулы қақтығысқа байланысты екі ел үкіметі шұғыл байланысқа шықты.
Таиланд премьер-министрі Пэтонгтан Чинават Камбоджалық әріптесі Хун Манетпен телефон арқылы сөйлесіп, жағдайдың ушығуына жол бермеуге уағдаласты.
«Бұл ауқымды оқиға емес. Біз шиеленісті азайтып, мұндайдың енді қайталануына жол бермейміз»,- деді ол.
Соңғы апталарда Таиланд пен Камбоджа арасындағы шекарадағы ахуал қайта ушыға түсті. Бұған тай әскерилерінің Чонг Бок ауданында салынған Достық павильонын өртеді деп камбоджалық сарбаздарды айыптауы түрткі болды. Павильонның тұрған жері Таиланд, Камбоджа және Лаос шекаралары тоғысатын стратегиялық маңызға ие аумақ. Атыстан кейін көп ұзамай Таиландтың Сурин провинциясындағы Та Моан Том көне ғибадатханасында да тәртіпсіздіктер тіркелді. Екі ел де бұл тарихи орындарға иелік етуді көздейді.
Камбоджа Сенатының төрағасы, бұрынғы премьер-министр Хун Сен қаза тапқан сарбаздың отбасына көңіл айтып, «бейбіт ел шекарасында мұндай оқиға болмауы тиіс» деді. Ол атысты «басқыншылық сипатындағы әрекет» деп атады.
2008 - 2011 жылдары Камбоджа мен Таиланд арасында Преах Вихеар храмына байланысты қарулы қақтығыстар орын алған болатын. 2013 жылы БҰҰ Халықаралық соты храмға қатысты аумақты Камбоджа аумағы деп мойындаған. Шекара сызығының әлі толық белгіленбеуі аймақтағы тұрақсыздықтың басты себебі ретінде көрсетіліп отыр.