Француз 3,5 млрд еуро тұратын алтын тауып алды

Автор: Алмас Ерсін

Алайда жергілікті билік шаруаны қазба байлықтан үлес алу құқығынан айырды

Фото: pixabay

Францияның оңтүстігіндегі Овернь аймағында тұратын 52 жастағы фермер Мишель Дюпон өз жерінен құны 3,5 миллиард еуродан асатын саф алтын тауып алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Mirror басылымының хабарлауынша, ер адам өз жерінде серуендеп келе жатып, ағын суда жылтырап жатқан нәрсені байқаған, содан кейін ол жерді қазуға кірісіп, шамамен 150 тонна саф алтын сақталғанын анықтаған.

"Жергілікті билік мұны естіп, шаруаны үлес алу құқығынан айырған. Ер адам осы жағдайдан кейін өмірі өзгергенін айтты. Енді фермердің өз учаскесін қазуға құқығы жоқ", - деп жазылған хабарламада.

Мишель тұратын ауыл тұрғындарының пікірі екіге жарылды. Біреулер алтын өндірушілер тыныш өмірімізді бұзатын болды десе, енді бірі жергілікті экономикаға септігін тигізеді деп есептейді.

Еске сала кетейік, Чехияның солтүстік-шығысындағы тауларда туристер құны жүздеген мың доллар тұратын алтын қоймасын тапты. Екі турист Чехияның солтүстік-шығысындағы орман арқылы қысқа жолмен жаяу жүрген. Серуендеп келе жатып, олар алюминий қорапты байқап қалған, оның ішінен:

  • 10 алтын білезік;
  • 17 темекі сауыт;
  • Опа сауыт пен тарақ;
  • 598 алтын монета шықты.

Шығыс Богемия музейі археологиялық бөлімінің басшысы Мирослав Новактың айтуынша, туристер олжаны бірден Градец-Кралове қаласындағы музейге әкелген.