Үндістан содырлардың нысанына шабуыл жасағанын мәлімдеді
Үндістан Кашмирдегі үнді туристерінің өліміне жауап ретінде Пәкістан аумағындағы бірнеше нысанға әуеден соққы жасады. Салдарынан кемінде 26 адам қаза тауып, 46 адам жараланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Пәкістан билігі олардың барлығы бейбіт тұрғындар екенін мәлімдеді.
Сәрсенбі күні таңертең Бахавалпур маңындағы ислам семинариясы аумағында жарылыс болды. Бұл ғимаратта «Джайш-и-Мұхаммед» тобының негізін қалаушы Масуд Азхардың туыстары болған. Әскерилердің мәліметінше, Азхардың 10 туысы, оның ішінде әйелдер мен балалар қаза тапқан. Оларды жерлеуге мыңдаған адам жиналды.
Осы түнде Муридке қаласындағы кешенге төрт зымыран тиді. Мешіт пен әкімшілік ғимараты қирады. Үндістан бұл нысан «Лашкар-и-Тайба» тобына тиесілі дейді,алайда Пәкістан ол жерде тек білім беру мен денсаулық мекемесі орналасқанын айтады.
Дели бұл әрекеттерді «террористік лагерьлерге бағытталған шабуыл» деп атады. Үндістанның мәлімдеуінше, шабуыл нысандарының бір бөлігі БҰҰ тарапынан террористік деп танылған «Джайш-и-Мухаммед» және «Лашкар-и-Тайба» топтарына тиесілі.
Пәкістан қарсы жауап болатынын ескертті. Бұл оқиға екі ел арасындағы ұзақ жылдардағы шиеленістің ушығуына себеп болды.