Кейде жерде, кейде диванда жатады: Илон Маск жұмысының көптігінен Ақ үйде қонып жүр

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол 4 ай ішінде бюджетті 2 трлн долларға қысқартпақ

Фото: point.md

Илон Маск АҚШ үкіметінің тиімділік департаментінің (DOGE) басшысы қызметіне кіріскеннен кейін Ақ үй аумағындағы Эйзенхауэр атқарушы кеңсесі берген жұмыс кабинетінде жұмыс істеп жүр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

53 жастағы бизнесмен жұмысының көптігінен кабинетінде қонып жүрген көрінеді. Маск кейде диванда, ал кейде еденде жататынын айтқан. Оның айтуынша, алдағы төрт айда DOGE басшысы ретінде АҚШ үкіметінің бюджетін 2 трлн долларға қысқартуды көздеп отыр. Бұл инфляцияны 2%-ға дейін төмендетуге ықпал етеді деп санайды.

Fox Business журналисі Чарльз Гаспариноның хабарлауынша, Илон Маск өте-өте көп жұмыс істейді.

People журналына берген сұхбатта дереккөз Масктың төрт жасар ұлының да онымен бірге уақыт өткізетінін айтқан. Бірақ баланың Ақ үйдегі кеңседе түнеп-түнемейтіні белгісіз.

11 ақпанда өткен баспасөз конференциясында Илон Маск президент Дональд Трамппен бірге үкіметтің шығындарын қысқарту туралы сұрақтарға жауап берді. Конференция барысында Масктың ұлы журналистердің алдында түрлі қылықтар көрсетіп, ерекше көңіл-күй тудырған.