Болгарияда 86 көлік соқтығысып, 12 адам қаза тапты

Автор: Алмас Ерсін

Қою тұман салдарынан болған екі ірі жол апатынан 50 адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілді

Фото: istockphoto.com

Болгарияның «Тракия» автомагистралінде қою тұман салдарынан екі ірі жол апаты болып, 86 көлік соқтығысқан. Апаттан 12 адам қаза тауып, тағы 50 адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Болгар ұлттық телеарнасына  сілтеме жасап.

Жол-көлік оқиғасы 10 қарашада Ямбол қаласы маңында, «Зимница» және «Кабиле» жолайрықтарының арасында болған.

Болгария ішкі істер министрінің орынбасары Калоян Калояновтың мәліметінше, Бургас бағытында 63 көлік, ал София бағытына қарай 23 көлік соқтығысқан.

Алдын ала мәлімет бойынша, алғашқы апат жүк көлігі мен жолаушылар автобусының соқтығысуынан басталған. Кейін оқиғаға басқа көліктер, соның ішінде астық тиеген жүк көлігі де қатысқан.

Ішкі істер министрлігінің бас хатшысының міндетін атқарушы Любомир Николовтың айтуынша, апат болған аумақты кенеттен қою тұман басқан. Куәгерлердің сөзінше, көріну қашықтығы 70–80 метрден 10 метрге дейін қысқарған.

Оның болжамынша, қарсы бағыттағы екінші жаппай соқтығыс жүргізушілердің алғашқы апатқа назар аударуынан болуы мүмкін. Қазір екі оқиғаның да мән-жайы анықталып жатыр.

Денсаулық сақтау министрі Катя Ивкованың мәліметінше, 10 адам оқиға орнында, тағы екеуі ауруханада көз жұмған. Зардап шеккендер Сливен, Ямбол және Бургас қалаларындағы медициналық мекемелерге жеткізілген.

Апатқа байланысты автомагистральдің екі бағытындағы қозғалыс тоқтатылды. Зардап шеккендерді София ауруханаларына жеткізу қажет болған жағдайда пайдалану үшін үкіметтік ұшақ пен екі әскери-көлік ұшағы дайындалған.