Түркиядағы металлургия зауытындағы жарылыстан 17 адам қаза тапты

Автор: Алмас Ерсін

Одан бөлек, 13 адам жарақат алған

Фото: Anadolu агенттігі

Түркиядағы HABAŞ металлургия зауытында жойқын жарылыс болып, салдарынан 17 адам қаза тапты. Тағы 13 жұмысшы жарақат алды. Олардың екеуінің жағдайы ауыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Reuters-ке сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға 9 қараша күні түске таман Түркияның батысындағы Измир провинциясының Алиага ауданында болған. Жарылыстан кейін кәсіпорын аумағында өрт шыққан. Оқиға орнына құтқарушылар, өрт сөндірушілер, медицина қызметкерлері мен полиция жеткен.

Жергілікті биліктің алдын ала мәліметінше, апат жөндеу жұмыстары кезінде болған. Көпірлі кран құлап, оның бөлшектері электр доғалы пештің ішіне түскен. Соның салдарынан газ құбыры зақымданып, жойқын жарылыс болып, артынша өрт шыққан.

Измир провинциясының губернаторы Сүлейман Элбан оқиға кезінде зауытта техникалық жұмыстар жүргізіліп, өндіріс уақытша тоқтатылғанын хабарлады. Апат болған сәтте кәсіпорын аумағында 200-ге жуық адам болған. Әдетте зауытта 300-ден астам қызметкер жұмыс істейді.

Жарылыс салдарынан зауыт ғимаратының бір бөлігі қираған. Құтқарушылар үйінділерді аршып, адамдарды іздестірген. Өрт сөндіріліп, зардап шеккендер ауруханаларға жеткізілді.

Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған 16 адамның қаза тапқанын растады. Сондай-ақ сот және әкімшілік тергеу басталғанын мәлімдеді.

«Халқымызды қатты қайғыға батырған бұл қайғылы оқиғаның себептері мен мән-жайы, сондай-ақ ықтимал салғырттық деректері мен оған кінәлі адамдар анықталады», – деді Ердоған.

Түрік БАҚ-тарының хабарлауынша, тергеу аясында бес адам ұсталған. Құқық қорғау органдары апаттың нақты себебін анықтап, өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының бұзылған-бұзылмағанын тексеруі керек.