Қызынан айырылған әке кәсібін тастап, қауіпті жол қиылыстарында кезекшілікке шыққан
Қытайда жүк көлігінің астына түсіп, тоғыз жасар қызынан айырылған әке күн сайын қауіпті жол қиылыстарына барып, жүргізушілердің жол ережесін бұзу деректерін тіркеп жүр. Ол қайғылы оқиғадан кейін жолда жүйткіп жүретін жүргізушілермен өз бетінше күресуге бел буған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy South China Morning Post басылымына сілтеме жасап.
Мәліметке сәйкес, қайғылы оқиға биыл тамызда Қытайдың оңтүстік-шығысындағы Цзянси провинциясында болған. У Чжишэннің әйелі екі қызын электрлі велосипедке отырғызып, жол қиылысынан өтіп бара жатқанда, бұрылып келе жатқан самосвал оларды қағып кеткен.
Жүк көлігінің соққысынан үлкен қызы Зицзин оқиға орнында көз жұмды. Ал анасы мен кіші қызы жарақат алды. Тергеу барысында жүк көлігінің белгіленген мөлшерден 92 пайызға артық жүк тиегені және тежегіш жүйесінде ақау болғаны анықталды. Чжу тегімен белгілі жүргізуші жол апатына кінәлі деп танылды.
Алайда полиция көлік компаниясы мен мердігер ұйымға айып тақпаған. Осыдан кейін У Чжишэн кәсібін тастап, күн сайын қауіпті жол қиылыстарына кезекшілікке шыға бастаған. Қазірге дейін ол жүк көліктері жүргізушілерінің 20-дан астам жол ережесін бұзу дерегін тіркеп, бейнежазбаларды жол полициясына тапсырған.
«Егер жүргізуші оңға бұрылар алдында көлікті толық тоқтату ережесін қатаң сақтағанда, менің балам тірі болар еді», – деді қайғыдан қан жұтқан әке.
2 қарашада өткен сот отырысында айыпталушы өз кінәсін мойындамай, жауапкершілікті қыздардың анасына аударуға тырысқан. У Чжишэн өтемақы талап етіп, жүргізушіге, сақтандыру компаниясына, мердігерге және көлік кәсіпорнына азаматтық талап қоюды көздеп отыр.