Апат салдарынан Үндістан азаматы қаза тауып, Жаңа Зеландия азаматы мен екі ұшқыш жарақат алған
3 қараша күні таңертең Эверест тауы маңында екі тікұшақ соқтығысып, Үндістан азаматы қаза тапты. Тағы үш адам, оның ішінде екі ұшқыш жарақат алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy OnlineKhabar басылымына сілтеме жасап.
Непал полициясының мәліметінше, тікұшақтың бірі Fishtail Air компаниясына тиесілі болған. Оның бортында Үндістан мен Жаңа Зеландия азаматтары болған. Ал Air Dynasty компаниясының екінші тікұшағы жүк тасымалдаған. Екі әуе кемесі бір мезгілде қонуға бет алған кезде соқтығысқан.
Апат салдарынан Үндістан азаматы көз жұмды. Жаңа Зеландиядан келген жолаушы мен екі тікұшақтың ұшқыштары жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.
Қазір апаттың себебі анықталып жатыр. Непал Азаматтық авиация басқармасының басшысы Мукеш Дангола Лукла әуежайының диспетчерлері осы алаң маңындағы әуе қозғалысын бақыламайтынын айтты. Ұшқыштар қону кезегін өзара келісуі керек.
«Алдын ала мәліметтер ұшқыштар арасындағы байланыста қиындықтар болғанын көрсетеді», – деп Мукеш Данголаның сөзін The Kathmandu Post басылымы келтірді.
Непалдың таулы аймақтарында тікұшақтар жолаушылар мен жүк тасымалдауға, сондай-ақ құтқару жұмыстарына пайдаланылады.