ДДСҰ вирустың таралу жолын зерттеп жатыр. Жалпы халық үшін қауіп төмен деп бағаланып отыр
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) бас директоры Тедрос Аданом Гебрейесус X әлеуметтік желісінде ұйымның Францияда адамнан алғаш рет тіркелген Шамонда вирусын жұқтыру жағдайына қатысты тергеуге қосылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ДДСҰ басшысының айтуынша, ұйым Франция билігімен байланыста. Қазір мамандар науқастың вирусты қайдан жұқтырғанын, оның таралу жолдарын және қоғамдық денсаулыққа төнуі мүмкін қауіптерді анықтау үшін ақпарат жинап жатыр.
«Инфекцияның таралу механизмдерін тереңірек түсіну үшін қосымша зерттеулер қажет», – деп атап өтті ол.
Белгілі болғандай, науқас ауыр дертке байланысты Лион қаласында ем қабылдаған. Оның иммундық жүйесі қатты әлсіреген. Ер адам қазан айының басында қайтыс болды. Қазір ғалымдар адамда бұрын кездеспеген қоздырғыштың аурудың асқынуына қаншалықты әсер еткенін анықтап жатыр.
Шамонда вирусы әдетте ірі қара малды, қойды, ешкіні және жылқыны зақымдайды. Жануарлар арасында инфекцияны Culicoides туысына жататын қансорғыш ұсақ шіркейлер таратады. Алғашқы науқас вирусты Францияның шығысындағы мал арасында қоздырғыш таралған аймақта жәндік шаққаннан кейін жұқтырған болуы мүмкін деген болжам бар.
ДДСҰ бұл жағдайды әзірге оқшауланған оқиға ретінде сипаттап отыр. Ұйымның мәліметінше, вирус адамнан адамға берілмейтіндіктен, жалпы халық үшін қауіп өте төмен.
Сонымен қатар ұйым Шамонда вирусы иммун тапшылығы ауыр адамдарға тұрақты қауіп төндіруі мүмкін бе деген мәселені тексеріп жатыр. Олардың қатарында онкологиялық ауруға шалдыққан науқастар, ағза трансплантациясынан кейінгі адамдар және АИТВ жұқтырғандар бар.
ДДСҰ мәліметінше, қазіргі уақытта Шамонда вирусына қарсы адамдарға да, жануарларға да арналған вакцина немесе арнайы емдеу әдісі жоқ. Әзірге адамдар мен малды қорғаудың негізгі жолы – вирусты тарататын жәндіктердің шағуынан сақтану.