Табиғи апат салдарынан 300-ден астам үй қирап, 32 адам жарақат алды. Қазір құтқару және зардаптарды бағалау жұмыстары жалғасып жатыр
Қытайдың Тибет автономиялық ауданында магнитудасы 7,1 болатын жер сілкінісі тіркелді. Соңғы мәліметтер бойынша, 16 адам қаза тауып, тағы 32 адам жарақат алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Синьхуа» агенттігіне сілтеме жасап.
Жергілікті төтенше жағдайлар басқармасы таратқан мәліметке сәйкес, қаза тапқандар саны артуда.
«Қытайдың Сицзан аймағында (Тибет автономиялық ауданы – ред.) жер сілкінісі салдарынан 16 адам қаза тауып, 32 адам жарақат алды», – делінген жарияланымда.
Алдын ала мәлімет бойынша, 11 адам ауыр жарақат алған.
Жер сілкінісі салдарынан 300-ден астам үй қираған.
Қазір билік келтірілген шығын көлемін бағалап, зілзаланың зардаптарын жою шараларын жүргізіп жатыр.