Синоптиктер дауыл екі күндей соғатынын айтып отыр
Тайвань билігі «Чампи» тайфунының келе жатқанын ескертіп, 125 әуе рейсін тоқтатты. Аралдың солтүстік-шығыс жағалауында күшті дауыл болып, артын нөсерге ұласуы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тайваньның Орталық метеорологиялық басқармасының мәліметіне сүйенген Reuters агенттігі Тынық мұхитындағы ең қуатты дауылдардың бірі - «Чампи» бір кездері супертайфун деңгейіне дейін жеткенін жазады. Қазір оның күші біршама бәсеңдеген, бірақ желдің екпіні сағатына 227 шақырымнан асып отыр.
Болжам бойынша, ол жұма күні кешке аралдың солтүстік-шығыс жағалауына жақындап, кейін Қытай жағалауы мен Жапонияның оңтүстігіне қарай жылжиды. Синоптиктер дауыл екі күндей соғатынын айтып отыр.
Тайвань президенті Лай Циндэ тұрғындарды тайфунға дайындалып, таулы аймақтарға, жағалауға бармауға шақырды. Әзірге тұрғындарды эвакуациялау туралы хабарлама жіберілмеген. Метеорологтердің болжамынша, жағадағы толқынның биіктігі 6 метрден асуы мүмкін.
Тайфун Жапонияның Окинава префектурасындағы Йонагуни аралына да әсер етуі мүмкін. Осыған байланысты Japan Airlines, ANA және Skymark әуе компаниялары бейсенбіден жексенбіге дейін 100-ден астам рейсті тоқтатты.