Осы уақытқа дейін 276 адам ұсталды
Францияда халық қымбатшылық мен білім алу жағдайының нашарлауына қарсы шеруге шықты. Парижде полиция су атқыштар мен көзден жас ағызатын газ қолданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Францияда 17 қазанда халық тұрмыс құнының өсуі мен білім беру жағдайының нашарлауына қарсы жаппай наразылық жалғасты. Парижде полиция су атқыштар мен көзден жас ағызатын газ қолданса, Лион қаласында туристік ақпарат орталығы өртенді. Reuters агенттігі келтірген Франция Ішкі істер министрлігінің соңғы мәліметіне сәйкес, ел бойынша 272 адам ұсталған.
Наразылық аясында Франция президенті Эмманюэль Макронға да қоқан-лоқы жасалды. Шеруге қатысушылардың бірі француз королі Людовик XVI-ның жазаланғанын еске салатын плакат ұстаған.
«Людовик XVI-ның басын шапқан. Макрон, біз мұны қайталай аламыз», – делінген демонстранттың плакатында.
Парижде не болып жатыр?
Республика алаңында тәртіпсіздікке қатысушылар полиция қызметкерлеріне түрлі заттар лақтырып, отшашулар қолданған. Бұған жауап ретінде құқық қорғау органдары көзден жас ағызатын газ бен су атқыштарды іске қосты.
Франция астанасында көлік пен газет дүңгіршегі де өртенген. Дегенмен бейбіт шерушілердің басым бөлігі наразылық шеруіне қатысқан.
Басқа қалаларда да өрт пен қақтығыс болды
Лионда туристерге ақпарат беретін орталық өртенді. Марсельде бірнеше дүкен мен муниципалдық полиция бөлімшесіне зақым келген. Наразылық білдірушілердің бір бөлігі мэрия ғимаратының кіреберісіне де қысқа уақытқа кірген.
Тулузада полиция теміржол қозғалысы мен көлік жолдарының бұғатталуына жол бермеу үшін араласқан. Наразылық акциялары Ренн, Ньор, Валансьен және Ла-Рошель қалаларында да өтті.
Француздар неге көшеге шықты?
Қазіргі наразылық толқыны мектеп оқушыларының мұғалім тапшылығы мен оқу орындарының жағдайына қатысты қарсылығынан басталған. Кейін шерушілер көтерген мәселелер қатары кеңейіп, әлеуметтік теңсіздік, мемлекеттік шығындар мен халықтың өмір сүру деңгейіне қатысты талаптар қосылды.
Наразылыққа «сары жилеттер» қозғалысының қатысушылары, студенттер, жұмысшылар мен климат белсенділері де қосылды. Олар білім беру жағдайын жақсартуды талап етіп, сонымен бірге бағаның қымбаттауы мен жалақының күнделікті шығындарға ілесе алмауына наразылық білдірген.
16 қазанда Макрон халықты сабыр сақтауға және өзара құрмет көрсетуге шақырды. Ол Конституцияда бекітілген наразылық білдіру құқығы адамдар мен мүлікке құрметпен қараумен қатар жүруге тиіс екенін айтып, қорлау мен талқандау әрекеттеріне қарсы шықты.