Қолданушылардың жасы электрондық мемлекеттік қызметтер порталы арқылы расталады
Түркияда 2026 жылдың 1 қарашасынан бастап 15 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына ресми түрде толық тыйым енгізіледі, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
15 жасқа толмаған тұлғаларға әлеуметтік желілерге тіркелуге және оларды пайдалануға ресми түрде тыйым салынады. Мұндай қолданушылардың қолданыстағы барлық парақшалары 2027 жылғы 31 наурыздан кешіктірілмей бұғатталуы тиіс.
Қолданушылардың жасы e-Devlet электрондық мемлекеттік қызметтер порталы арқылы расталады. Платформа дербес деректерді ашпай, тек қолданушы жасының сәйкестігі туралы ғана мәлімет алады.
Парақшалар бірден жабық болады. Тікелей эфирлерге, дербестендірілген жарнамаға және таспаны (лентаны) үздіксіз айналдыруға тыйым салынады. Хабарламаларды тек жазылушылар тізіміндегі пайдаланушылардан ғана қабылдауға рұқсат етіледі. Телефондағы байланыс контактілерін синхрондау шектеледі.
Ата-аналар құпиялылық баптауларын басқаруға, экран уақытын шектеуге және қаржылық операцияларды растауға арналған арнайы құралдарға қол жеткізеді.