Илон Маск Трамп әкімшілігімен ресми кеңесші ретінде қайта жұмыс істейді

Автор: Алмас Ерсін

Кәсіпкер Пентагонның болашақ соғыстарды зерттеу жобасына қосылады

Фото: Euronews/Evan Vucci

Илон Маск АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігімен ресми консультативтік жұмысына қайта оралады. Кәсіпкер Пентагонның болашақ соғыстарды зерттеуге арналған жобасын басқаруға қатысады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Euronews-ке сілтеме жасап.

Пентагон басшысы Пит Хегсет Project Meridian жобасының іске қосылғанын жариялады.

Жобаны Маскпен бірге қорғаныс технологияларын әзірлейтін Anduril Industries компаниясының негізін қалаушы Палмер Лаки және АҚШ Өкілдер палатасының бұрынғы спикері Ньют Гингрич басқарады. Топ болашақ қақтығыстарда америкалық әскерге қандай технологиялар мен қару-жарақ қажет болуы мүмкін екенін зерттейді.

«Біз қарсыластарымызда жоқ америкалық артықшылықтың бірегей көзін – жаңашылдарымызды, басшыларымызды және технология саласының мамандарын пайдаланамыз», – деді Пит Хегсет.

Жоба нәтижелерін әзірлеуге 120 күн берілген. The Washington Post мәліметінше, ұсыныстар қаңтардың соңына дейін Пит Хегсетке таныстырылуы тиіс. Маск жобаға шектеулі консультативтік рөлде қатысады.

Маск пен Трамп неге араздасты?

Бұған дейін Илон Маск мемлекеттік шығындар мен федералдық қызметкерлер санын қысқартуға бағытталған DOGE департаментінің жұмысына қатысқан. 2025 жылдың мамырында ол Трамп әкімшілігінен кеткен.

Маусым айында кәсіпкер мен президент арасында ашық пікір қайшылығы туындады. Маск Трамп ұсынған салық және мемлекеттік шығыстар туралы заң жобасын сынап, оның бюджет тапшылығын арттыратынын және мемлекеттік қаражатты үнемдеуге бағытталған шараларға кері әсер ететінін айтты.

Бұған жауап ретінде Трамп Маск компанияларына берілетін мемлекеттік келісімшарттар мен субсидияларды тоқтатуы мүмкін екенін мәлімдеді. Ал кәсіпкер президентке импичмент жариялау туралы үндеуді қолдады.

Кейін Маск өз мәлімдемелерінің кейбірі шектен шыққанын мойындады.

Маск пен Трамп қарым-қатынасын қайта қалпына келтірді

Кейін кәсіпкер мен АҚШ президенті қарым-қатынасын қалпына келтірді. Осы аптада Маск Ақ үйде өткен технологиялық компаниялар басшыларымен кездесуге қатысып, жасанды интеллект қауіпсіздігі мәселесін талқылады.

Project Meridian жобасына қосылуы – Масктің Трамппен болған жанжалдан кейін АҚШ әкімшілігімен ресми консультативтік жұмысқа қайта оралуын білдіреді.

Маскке тиесілі компаниялар Пентагонмен бұған дейін де ынтымақтастық орнатқан. SpaceX зымыранға қарсы қорғанысқа арналған «Алтын күмбез» жобасы аясында спутниктік жүйелерді құруға қатысып жатыр. Ал xAI компаниясы құпия әскери жүйелерде Grok чат-ботын пайдалану туралы келісім жасаған.