Копенгаген мен Нуук түпкілікті құжаттарға әзірге қол қойылмағанын атап өтті
АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтонның Дания және Гренландиямен аралдың қауіпсіздігі мәселелері бойынша уағдаластыққа келгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, АҚШ Гренландия мен Америка Құрама Штаттарының қауіпсіздігін қорғау үшін қажетті шараларды қабылдауға мерзімсіз құқық алады, сондай-ақ аралдағы әскери қатысуын кеңейтуді жоспарлап отыр.
Трамптың айтуынша, келісім АҚШ-тың Гренландиядағы қауіпсіздік мәселелерін тұрақты бақылауда ұстауына мүмкіндік береді. Сонымен қатар Вашингтонның келісімінсіз басқа елдер аралда әскери база құра алмайды және стратегиялық маңызы бар инвестициялар жасай алмайды.
АҚШ президенті әскери қатысуды кеңейту жұмыстары бірден басталатынын мәлімдеді. Сонымен қатар ол бұл уағдаластық АҚШ тарапынан шығынды талап етпейтінін айтты.
Копенгаген мен Нуук Вашингтонмен уағдаластыққа қол жеткізілгенін растады. Алайда тараптар әзірге бұл келісімнің толық рәсімделмегенін атап өтті. Дания мен Гренландияның бірлескен мәлімдемесінде уағдаластық Арктика мен Солтүстік Атлантикадағы қауіпсіздікті нығайтуға, сондай-ақ Данияның егемендігі мен Гренландия халқының өзін-өзі анықтау құқығын ескеруге тиіс екені айтылған.
Дания премьер-министрі Метте Фредериксен бұл уағдаластық НАТО-ның ортақ қауіпсіздік мүдделеріне сай келетінін айтты. Гренландия үкіметінің басшысы Йенс-Фредерик Нильсен келісім Гренландия, Дания, АҚШ және Батыс одағының қауіпсіздігін нығайтуға бағытталғанын атап өтті.
Сонымен бірге Копенгаген мен Нууктың мәлімдемелеріне қарағанда, түпкілікті құжаттарға әзірге қол қойылмаған. Гренландия мен Дания билігі қол жеткізілген уағдаластықтарды Вашингтонмен жасалатын болашақ келісімнің негізі ретінде сипаттап отыр. Келісімге келесі аптада БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында қол қою жоспарланған.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио бұл уағдаластықтарды Вашингтонның ірі жетістігі деп атады. Оның айтуынша, Дания мен Гренландияда аралды өз бетінше қорғауға жеткілікті қаржы ресурстары жоқ, ал АҚШ-та қажетті мүмкіндіктер бар.
Келіссөздер Трамп әкімшілігінің Гренландияға қатысты АҚШ бақылауын күшейтуге бағытталған бірнеше жылдық әрекеттерінің жалғасы болды. Арал Дания құрамындағы автономиялық аумақ болып саналады және Арктикадағы орналасуына байланысты стратегиялық маңызға ие. АҚШ билігі бұған дейін де Гренландияның табиғи ресурстарына назар аударған.