Табиғи апаттан 1 127 адам қаза тауып, мыңдаған тұрғын эвакуацияланды
Непалда жойқын су тасқынынан кейін із-түзсіз жоғалған 4 858 адамды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Қауіпті аудандардан тағы 6 541 тұрғын эвакуацияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy The Kathmandu Post басылымына сілтеме жасап.
Непал полициясының мәліметінше, табиғи апат салдарынан 1 127 адам қаза тапқан. Ең көп адамның денесі Читваннан табылды – 348 адам. Навалпарасидің шығыс бөлігінде 217, батысында 190, Нувакотта 155 адамның денесі табылған. Тағы тоғыз адамның денесі көршілес Үндістан аумағынан табылды.
Мамандар қаза тапқан 1 113 адамның денесіне қатысты қажетті рәсімдерді аяқтады. 95 адамның денесі туыстарына берілді. Жеке басы әлі анықталмаған 911 адамның мәліметтері жақындарын іздеген отбасыларға көмектесу үшін полицияның сайтына жарияланды.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына 7 912 полиция қызметкері жұмылдырылған. Олар қауіп әлі де сейілмеген аудандардан тұрғындарды эвакуациялап, гуманитарлық көмек жеткізіп, жабылып қалған жолдарды тазалап, із-түзсіз жоғалғандарды іздестіріп жатыр.
Су тасқынына Бхотекоши өзеніне түскен мұзды-тасты көшкін себеп болған. Қатты ағын су, лай мен тас-қоқыс елді мекендерді, жолдарды және шекара маңындағы сауда нысандарын қиратып кеткен. Непалдың бірнеше ауданындағы су электр станциялары да зақымданған.
Бұған дейін табиғи апат құрбандарының саны 669 адамға жеткені хабарланған еді. Сол кезде Қазақстан Сыртқы істер министрлігі дипломаттар су тасқыны болған аймақта болуы мүмкін үш қазақстандық әйелді іздеп жатқанын мәлімдеген.ф