Легионелла инфекциясын 26 адам жұқтырып, 24 науқас ауруханаға түсті
Аустрияның Линц қаласы мен оның маңында шілде айының соңынан бері легионелла инфекциясын жұқтырған 26 адам тіркелді. Сондай-ақ қауіпті дерттен үш адам қайтыс болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Der Standard газетінің жазуынша, науқастардың басым бөлігі – Жоғарғы Аустрия тұрғындары. 24 адам ауруханаға жатқызылған, олардың кейбірі жансақтау бөлімінде жатыр. Тағы екі науқас ауру жұқтырғанға дейін Линц қаласында болған.
Үш науқастан бактерияның бірдей Allentown/France кіші түрі анықталды. Бұл инфекцияның ортақ таралу көзі болуы мүмкін екенін көрсетеді.
Мамандар әртүрлі су жүйелерінен 150-ден астам сынама алды. Linz AG компаниясының салқындату мұнарасынан легионелла бактериялары табылып, нысан тазартылып, дезинфекцияланды. Алайда оның аурудың таралуына қатысы бар-жоғы әзірге расталған жоқ.