Тегеран бұғазды қайта ашу үшін АҚШ-тан санкцияларды алып тастауды, Иранға әскери қысымды тоқтатуды және келтірілген шығынды өтеуді талап етіп отыр
Иранның саяси және әскери өкілдері Оманмен жүргізіліп жатқан келіссөздердің өзі Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын қайта жандандыруға жеткіліксіз екенін мәлімдеді. Тегеранның айтуынша, бұғазды ашу туралы шешім бөлек қабылданады және ол АҚШ-қа қойылған талаптардың орындалуына байланысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Euronews-қа сілтеме жасап.
Бұған дейін америкалық шенеунік Reuters агенттігіне Иран мен Оман арасындағы келіссөздер алға жылжып, жақын арада Ормуз бұғазының ашылуына және мұнай экспортының қайта жандануына мүмкіндік тууы ықтимал екенін айтқан. Алайда Тегеран бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Ислам революциясы сақшылар корпусының өкілі Хоссейн Мохеби бұғазды ашудың жеке тетігі қарастырылғанын және оның Иран қойған «арнайы шарттарға» байланысты екенін мәлімдеді. Ол әлемдік мұнай саудасының аса маңызды бағыттарының бірі саналатын Ормуз бұғазының стратегиялық маңызына тоқталды.
Ислам революциясы сақшылар корпусы АҚШ Тегеранның талаптарын қабылдап, Иран, Оман және басқа елдер арасындағы келіссөздерге араласуын тоқтатуға тиіс екенін де мәлімдеді.
Осы мәлімдемелер аясында Біріккен Араб Әмірліктерінің билігі Ормуз бұғазында елге тиесілі мұнай танкеріне шабуыл жасалғанын хабарлады. Әмірлік тарапы бұл әрекетті айыптады.