Қаза тапқандардың 17-сі – әскери қызметші. Тағы 37 адам жарақат алған
Нигердің оңтүстігінде екі автобус бетпе-бет соқтығысып, кемінде 22 адам қаза тапты. Тағы 37 адам жарақат алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Agence nigérienne de presse агенттігіне сілтеме жасап.
Апат 7 тамыз күні кешке Мадауа қаласынан шамамен 50 шақырым жерде болған. Қаза тапқандардың арасында 17 әскери қызметші бар. Автобустардың бірі сарбаздарды тасымалдаған.
Оқиға орнында жол апатының себептерін анықтау үшін тергеу басталды.
Бұл жол-көлік оқиғасы Нигер билігі жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру шараларын күшейтіп жатқан тұста болды. Аумағының едәуір бөлігі Сахель өңіріне кіретін елде жол апаттары әлі де күрделі мәселе болып отыр.
Жол қозғалысы қауіпсіздігі жөніндегі ұлттық агенттіктің мәліметінше, 2025 жылы Нигерде 7 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы болған. Соның салдарынан 1,2 мыңнан астам адам қаза тауып, тағы 4,4 мыңнан астам адам ауыр жарақат алған.
Билік жол апаттарының негізгі себептері ретінде жылдамдықты шамадан тыс арттыруды, мас күйде көлік жүргізуді, сондай-ақ жолдар мен көліктердің нашар жағдайын атайды.