Украина АҚШ-пен келіссөздерден кейін Каспий құбыр консорциумының инфрақұрылымы мен қазақстандық мұнай тасымалдайтын ресейлік емес танкерлерге соққы жасамауға келісті. КҚК арқылы Қазақстан мұнай экспортының шамамен 80%-ы тасымалданады
Украина Қара теңіздегі Каспий құбыр консорциумы нысандарына және Новороссийск маңындағы терминалға бет алған ресейлік емес танкерлерге соққы жасамауға міндеттенді. Алайда келісім белгілі бір шарттармен жүзеге асады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Bloomberg-ке сілтеме жасап.
АҚШ Украинамен Қазақстан мұнайының негізгі бөлігі экспортталатын Каспий құбыр консорциумының (КҚК) нысандарына шабуыл жасамау туралы келісімге келді.
Мұндай уағдаластық АҚШ өкілдері мен Украина басшылығы арасындағы келіссөздерден кейін жасалған. Киев Қара теңіздегі КҚК нысандарына, сондай-ақ Новороссийск маңындағы консорциум терминалына бет алған ресейлік емес танкерлерге соққы жасамауға міндеттенді.
Алайда келісім тек Ресеймен байланысы жоқ кемелерге қатысты. Олар ресейлік мұнайды немесе Ресейдің басқа да жүктерін тасымалдамауы, Украина санкцияларында болмауы және ресейлік компаниялар мен азаматтарға тиесілі болмауы керек.
Сонымен қатар Украина коммерциялық тасымалдаушылармен арнайы байланыс арналарын құрды. Соның арқасында кеме иелері танкерлердің қауіпсіз өтуі үшін олар туралы мәліметтерді алдын ала бере алады.
Бұл келісім Қазақстан үшін ерекше маңызды. КҚК еліміздің мұнай экспортындағы негізгі бағыт болып қала береді. Бұл жүйе арқылы әлемдік мұнай өндірісінің шамамен 2%-ы тасымалданады. Ал Қазақстанда әзірге бұл бағытты толық алмастыра алатын балама жоқ.
Сондықтан Новороссийск маңындағы терминал жұмысында туындайтын кез келген мәселе Қазақстанның мұнай экспорты мен өндірісіне тікелей әсер етеді.