Тегеран АҚШ жаңа әскери операция бастаса, Парсы шығанағындағы стратегиялық нысандарға соққы беруі мүмкін екенін ескертті
Иран Парсы шығанағындағы елдерден АҚШ президенті Дональд Трампты ислам республикасына қарсы жаңа соққы жасаудан бас тартуға көндіруді талап етті. Әйтпесе Тегеран Вашингтонның өңірдегі ең жақын одақтастарының мұнай, энергетика және көлік инфрақұрылымына соққы беруі мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Reuters-ке сілтеме жасап.
Агенттіктің мәліметінше, бұл ескерту 28 шілдеде Дональд Трамп Иранның энергетикалық нысандары мен өзге де инфрақұрылымына соққы жасауы мүмкін екенін мәлімдегеннен кейінгі дипломатиялық байланыстар барысында жеткізілген.
Reuters дереккөздерінің айтуынша, Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи Сауд Арабиясы, Катар және Түркиядағы әріптестерімен, сондай-ақ Пәкістан армиясының бас қолбасшысымен келіссөз жүргізген. Барлық кездесудегі негізгі үндеу бірдей болған: АҚШ-тың одақтастары Вашингтонға ықпалын пайдаланып, Трампты жаңа әскери операциядан бас тартуға көндіруі тиіс.
«Біз жауап беруге дайынбыз. Бірақ өңірдегі ахуалдың одан әрі ушықпауы мен қираудың алдын алудың ең дұрыс жолы – дипломатиялық шешім», – деп жеткізді Тегеранның ұстанымын өңірдегі жоғары лауазымды дипломаттардың бірі.
Агенттік дереккөздерінің мәліметінше, егер АҚШ Иранға тағы да шабуыл жасаса, жауап ретінде Парсы шығанағындағы елдердің мұнай кен орындары, мұнай өңдеу зауыттары, электр желілері, сумен жабдықтау жүйелері, көлік инфрақұрылымы және басқа да стратегиялық нысандары нысанаға алынуы мүмкін.
Осы ескертулерден кейін Reuters мәліметінше, Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман Дональд Трамппен байланысып, жаңа әскери операцияның орнына келіссөздер жүргізіп, атысты тоқтату жолын таңдауға шақырған.
Сондай-ақ Катар, Оман және Сауд Арабиясы Вашингтон мен Тегеран арасындағы диалогты қайта жандандыруды қолдайтынын білдірді.
Ал 2 тамызда Дональд Трамп келісімге тез қол жеткізілетін болса, Иранға жоспарланған соққыдан бас тартуға дайын екенін мәлімдеді.