Трамп Канададан келетін бірқатар тауарға 50%-ға дейін баж салығын енгізді

Автор: Алмас Ерсін

Ақ үй бұл шешімді Канаданың америкалық тауарларға қатысты саясатына жауап деп түсіндірді

Фото: © istockphoto.com

АҚШ президенті Дональд Трамп Канадада өндірілген тауарлардың жекелеген санаттарына жаңа импорттық баж салығын енгізу туралы үш жарлыққа қол қойды. Ақ үйдің мәліметінше, мөлшері 50 пайызға дейін жететін тарифтер Вашингтонның Канада тарапынан америкалық тауарларға қатысты «кемсітушілік көзқарас» деп атаған әрекетіне жауап ретінде енгізілген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Reuters-ке сілтеме жасап.

Баж салығы АҚШ президентіне жекелеген елдерден келетін импортқа 50 пайызға дейін тариф белгілеуге мүмкіндік беретін 1930 жылғы Баж салығы туралы заңның 338-бабы негізінде енгізілді.

Ақ үй мәлімдемесіне сәйкес, шектеулер шарап, хоккей таяқшалары, цемент және басқа да бірқатар тауарды қамтиды. Ал энергия тасымалдаушылар, калий тыңайтқыштары, балық және аса маңызды минералдар жаңа тарифтерге ілікпейді.

«Осылайша президент Трамп Канаданың америкалық саудаға қатысты кемсітушілік көзқарасынан туындаған ауыртпалықтар мен кемшіліктердің орнын толтырып, АҚШ-тың маңызды экспорттық тауарлары – автомобильдер, алкоголь өнімдері және сүт өнімдері үшін бәсекелестік жағдайын теңестіреді», – делінген Ақ үй хабарламасында.

АҚШ президентінің әкімшілігі жаңа шаралар Канаданы америкалық тауарларға қатысты «негізсіз әрі тең емес қарым-қатынасы» үшін жауапкершілікке тартуға бағытталғанын мәлімдеді. Вашингтонның пікірінше, мұндай саясат америкалық өндірушілерге зиян келтіріп отыр.

Дональд Трамптың екінші президенттік мерзімі басталғалы бері Вашингтон мен Оттава арасындағы қарым-қатынас шиеленісе түсті. Шілде айында ол Канада билігін орман алқаптарын жеткілікті деңгейде тазаламады деп айыптап, мұның АҚШ-тағы ауаның ластануына ықпал ететінін айтты және сауда тарифтерін көтеретінін ескертті.

Бұған дейін Трамп Канада Қытаймен сауда келісімін жасаса, АҚШ канадалық импорттың барлығына 100 пайыздық баж салығын енгізетінін мәлімдеген еді. Сонымен қатар Америка президенті Канада премьер-министрі Марк Карниді бірнеше рет «губернатор» деп атаған.

Еске салайық, 2025 жылғы 1 тамыздан бастап АҚШ канадалық тауарларға салынатын базалық баж салығын 35 пайызға дейін көтерген.