Иран Ормуз бұғазын жапты: АҚШ соққының үшінші толқынын бастады

Автор: Дәулет Ботагөз

Осы кезеңде бірде-бір кемеге бұғаз арқылы өтуге рұқсат берілмейді

Фото: © istockphoto.com

Парсы шығанағындағы жағдай қайта шиеленісті. Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы Ормуз бұғазы кемелер үшін жабылғанын мәлімдеді. Бұған жауап ретінде АҚШ Иран аумағындағы әскери нысандарға жаңа соққылар жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Иран Ормуз бұғазын толық жапқанын мәлімдеді

Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусының мәліметінше, Ормуз бұғазындағы шектеулер қосымша хабарламаға дейін және АҚШ-тың аймақтағы араласуы тоқтағанша күшінде болады.

Осы кезеңде бірде-бір кемеге бұғаз арқылы өтуге рұқсат берілмейтіні айтылды.

Контейнер таситын кемеде өрт шықты

Иран әскері бірнеше ескертуден кейін Кипр туымен жүрген M/V GFS Galaxy контейнер кемесін тоқтатуға мәжбүрлеген.

Reuters мәліметінше, кеме бекітілмеген бағытпен қозғалып, борттағы жүйелерін өшірген.

Шабуыл салдарынан кемеде өрт шығып, машина бөлімі айтарлықтай зақымданған. Экипаж мүшелерінің бірі із-түзсіз жоғалған.

Кейін Ұлыбританияның теңіз сауда операциялары басқармасы экипаждың құтқару қайығымен кемеден кеткенін хабарлады.

АҚШ Иранға жаңа соққылар жасады

Тегеранның әрекетіне жауап ретінде АҚШ Қарулы күштері Ормуз бұғазы маңындағы Иран нысандарына шабуыл жасады.

Axios журналисі Барак Равидтің мәліметінше, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері, радиолокациялық станциялар, сондай-ақ зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын сақтау және ұшыру орындары нысанаға алынған.

Соққының жаңа толқынын АҚШ Орталық қолбасшылығы да растады.

Пентагон басшысы Иранға мәлімдеме жасады

АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет шабуылдардың себебін түсіндірді.

«Иран дұрыс емес таңдау жасады. Енді соның өтеуін төлеп жатыр», – деді Пентагон басшысы.

Ирандық БАҚ Бендер-Аббас, Сирик және елдің оңтүстігіндегі тағы төрт қалада жарылыстар болғанын хабарлады.