Бұғаз арқылы небәрі 23 жүк кемесі өткен
Ормуз бұғазындағы әскери-саяси жағдайдың ушығуына байланысты аймақтан өтетін сауда кемелері мен танкерлердің саны күрт азайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі ВВС мәліметтеріне сілтеме жасап.
Теңіз барлауымен айналысатын Kpler компаниясының дерегінше, 8 шілдеде бұғаз арқылы небәрі 23 жүк кемесі өткен, 7 шілдеде олардың саны 36 болған еді. Сәрсенбі күні бұғаздан өткен кемелердің кем дегенде 12-сі Иранның солтүстік бағытындағы маршрутты пайдаланған.
Қазіргі уақытта Ормуз бұғазы арқылы өтпек болған кеме компаниялары қиын жағдайда тұр. Себебі қақтығысушы екі тарап қозғалысты екі түрлі бағытқа бұруға тырысуда. Шабуыл қаупіне байланысты кемелерге бұғаздың орталық бөлігімен жүрмеу ескертілді.
Құрамына АҚШ кіретін Біріккен теңіз ақпараттық орталығы Иран тарапынан мина қойылу қаупі бар екенін айтып, кемелерге оңтүстіктегі Оман жағалауына жақын бағытпен жүруді ұсынды. Алайда Иран билігі бұған үзілді-кесілді қарсы. Ресми Тегеран өз жағалауына жақын орналасқан солтүстік маршруттан басқа жолмен жүруге «қатаң тыйым салынатынын» және рұқсат қағазы тек осы бағытты таңдағандарға берілетінін мәлімдеді. Мұндай қайшылықты талаптар халықаралық тасымалмен айналысатын компанияларды тығырыққа тіреп отыр.
Осы тұста Иранның сыртқы істер министрлігі Вашингтонды 17 маусымда қол қойылған уақытша бітімгершілік туралы меморандумның ережелерін өрескел бұзды деп айыптады. Иран тарапы әскери іс-қимылдарды дереу тоқтатуға шақырып, бұғаз арқылы өтетін сауда кемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайын екенін жеткізді.
Тегеранның мәлімдеуінше, АҚШ бұған дейін бұғазда тәртіп бұзған бірнеше кемені сылтау етіп, Иран аумағына негізсіз соққы жасаған. Өз кезегінде АҚШ Иранды үш бірдей сауда кемесін атқылағаны үшін «оқ атуды тоқтату режимін бұзды» деп айыптаған болатын, бірақ Иран бұл шабуылдарды өз мойнына алған жоқ.
Сонымен қатар Иран СІМ Дональд Трамптың сәрсенбі күні ел басшылығына қарата айтқан ауыр сөздерін айыптап, АҚШ-тың екі теміржол көпірі сияқты маңызды нысандарды атқылауын «әскери қылмыс» деп атады.
Иранның мемлекеттік БАҚ құралдары АҚШ-тың түнде жасаған әуе соққылары салдарынан үш адамның қаза тапқанын хабарлады. Елдің оңтүстік-батысындағы Хузестан провинциясы губернаторының орынбасары Ахваз қаласының шетінде болған бұл шабуылдан зардап шеккен басқа да тұрғындардың бар екенін растады.