АҚШ-тың мұнай қоры да сарқыла бастаған
Таяу Шығыста жағдай қайтадан қиындап кетті. Иран мен АҚШ әскерилері бір-бірін әуеден атқылап, Вашингтон Иранның мұнай сатуына қайтадан тыйым салды. Салдарынан сәрсенбі күні мұнай бағасы бірден 3%-дан астамға қымбаттады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазір нарықта Brent мұнайы – 76,56 доллар, WTI мұнайы – 72,70 доллар. Reuters хабарлағандай, Иран әскерилері Ормуз бұғазында келе жатқан үш сауда кемесіне шабуыл жасаған. Жауап ретінде АҚШ Иранды әуеден атқылады. Көп ұзамай Иран да қарап қалмай, Бахрейн мен Кувейттегі АҚШ-тың әскери базаларына соққы берді. Осы қақтығысстың кесірінен су жолында бірнеше үлкен танкер зақымдалды. Қатар елінің газ таситын кемесіне дрон түсіп, өрт шықты. Сауд Арабиясының үлкен мұнай танкеріне де зиян келген.
Ормуз бұғазы – әлемдегі ең маңызды су жолы. Дүниежүзіндегі бүкіл мұнай мен газдың 20%-ы осы жерден өтеді. Қазір Тегеран бұғазды өз бақылауына алғысы келіп, халықаралық кемелерге өз жағалауына жақын жүруді бұйырып отыр. АҚШ бұған үзілді-кесілді қарсы.
MST Marquee зерттеу бөлімінің сарапшылары егер бұғаздағы кеме қозғалысы бұрынғы деңгейдің 50 пайызынан төмендеп кетсе, нарықта шикізат тапшылығы басталып, мұнай бағасы одан әрі шарықтайтынын ескертті. Оның үстіне, АҚШ-тың мұнай қоры да сарқыла бастаған. Америкалық мұнай институтының мәліметінше, елдегі шикі мұнай қоры тағы 2,4 миллион баррельге қысқарды. Жедел дағдарыс жағдайында мемлекеттердің өз қорларын азайтуы нарықтағы дүрбелеңді одан сайын өршіте түспек.