Қаскөйлер оған үйін өртегеннен кейін сақтандырудан қомақты өтемақы алуға болатынын айтқан
Ресейдің Челябі қаласында алаяқтың арбауына түскен әйел өз пәтерін өртеп жіберіп, өміріне қауіп төндірген, хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ресейлік БАҚ-тың мәліметінше, әйел интернет-алаяқтарға 40 мың рубль аударған. Осыдан кейін қаскөйлер оған сақтандырудан қомақты өтемақы алуға болатынын айтып, пәтерін өртеп, видеосын тұрғындар чатына жариялауға көндірген.
Әлеуметтік желіде тараған видеода әйелдің алаяқтың нұсқауымен төсекті өртегені көрінеді. Арғы жақтағы ер адам бейнебайланыс арқылы оның әр әрекетін бақылап, отқа қағаз тастауды және бөлмеде кем дегенде бес минут отыруды талап еткен.
Біраз уақыттан кейін пәтер ішін қою түтін басып, әйелдің тыныс алуы қиындай бастаған. Соған қарамастан алаяқ оған еш қауіп жоқ екенін айтып, өрт шыққан бөлмеден шықпауға үгіттеген. Алайда әйел соңында пәтерден шығып үлгерген. Ал баспанасы толықтай жанып кеткен.
Оқиғаға байланысты алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды.