Иран Ормуз бұғазын халықаралық кеме қатынасы үшін қайта ашты

Автор: Аягөз Құрмаш

Кеме қатынасы қалыпты режимде жұмыс істеп тұр

Фото: istockphoto.com

Ормуз бұғазы коммерциялық кемелер мен халықаралық теңіз тасымалы үшін ашық күйінде қалып отыр. Бұл туралы Иранның БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесі жанындағы тұрақты өкілі Әли Бахрейни мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, стратегиялық маңызы зор бұғаз арқылы кеме қатынасы қалыпты режимде өтіп жатыр.

«Ормуз бұғазы коммерциялық мақсатта пайдалану үшін толықтай ашық және ол ешқандай алым-салықсыз жұмыс істеп тұр», – деді Бахрейни Женевадағы брифинг барысында.

Соңғы апталарда Таяу Шығыстағы шиеленістің күшеюіне байланысты әлемдік қауымдастық Ормуз бұғазының жабылуы мүмкін деген қауіпке алаңдаушылық білдірген еді. Себебі әлемдік мұнай экспортының едәуір бөлігі дәл осы теңіз дәлізі арқылы тасымалданады.

Иран тарапының мәлімдемесі бұғаздағы кеме қатынасына шектеу қойылмағанын және халықаралық сауда жолының қалыпты жұмысын жалғастырып жатқанын көрсетеді.