Ауа температурасы 41,9 градусқа жетті: Еуропада аптап ыстықтан адамдар қайтыс болып жатыр

Автор: Темірхан Айжан

Францияның Карпентрас қаласында анасы көлік ішінде қалдырып кеткен 2 және 4 жасар бала көз жұмды

Фото: Freepik

Францияда аптап ыстықтың салдарынан кем дегенде 18 адам қаза тапты. Елдің бірнеше қаласында күннің температурасы бұрынғы рекордтық көрсеткіштен асып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі Reuters-ке сілтеме жасап.

Синоптиктердің мәліметінше, Францияның Бордо өңірінде аптап ыстық 41,9 градусқа, ал Пуатье қаласында 41,2 градусқа жетіп, бұған дейінгі ең жоғары көрсеткіштерді басып озған. Испания мен Италияда да ауа температурасы нормадан 10 градусқа жоғарылап, 12 қалада қауіптіліктің жоғары «қызыл» деңгейі жарияланды. Ұлыбританияның метеорологиялық қызметі де осы аптада елде соңғы 50 жылдағы ең ыстық маусым айы тіркелуі мүмкін екенін ескертті.

Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның баяндамасына сәйкес, Еуропадағы жаһандық жылыну қарқыны әлемдік орташа көрсеткіштен екі есе жылдам жүріп жатыр. Мамандар бұл құбылысты Сахара шөлінен жылжыған ыстық ауа массасының тұрақтап қалуынан болатын «омега-блок» антициклонымен байланыстырды.

Аптап ыстық салдарынан Францияның оңтүстік-шығысындағы Карпентрас қаласында анасы көлік ішінде қалдырып кеткен 2 және 4 жасар бала ес-түссіз табылып, көз жұмды. Сондай-ақ Бордо аймағында жасы 80-нен асқан 3 қария ауа райының қолайсыздығынан көз жұмған. Тұрғындар салқындау үшін су айдындарына ағылған, салдарынан бір күнде 13 адам суға кеткен.

Ыстық ауа райы инфрақұрылымға да зардабын тигізіп жатыр. Италияның Турин қаласында электр желілеріне шамадан тыс күш түсіп, жарық жиі өшіп жатыр. Ал Бельгияда шатыр астындағы ұялары 60 градусқа дейін қызып кеткен жүздеген құс жабайы жануарларды оңалту орталығына жеткізілген.

Қазіргі уақытта Франция мен өзге де еуропалық елдерде бірқатар мектеп жабылып, сабақ кестелері өзгертілуде. Қызмет көрсету мекемелері апаттық жағдайлардың алдын алу үшін жұмыс режімдерін күшейтті.