АҚШ президенті Путин мен Зеленскийдің тікелей кездесуіне оң көзқарас білдірді

Автор: Алмас Ерсін

Трамп Ресей мен Украина арасындағы келіссөздердің жалғасуын қолдайтынын мәлімдеді

Фото: Reuters

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путин мен Украина президенті Владимир Зеленский арасында өтуі мүмкін кездесуді қолдайтынын мәлімдеді. Ол Украина басшысының Вашингтонның араласуынсыз тікелей келіссөз өткізу туралы ұсынысына пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Reuters-ке сілтеме жасап.

«Олардың кездескені өте жақсы болар еді деп ойлаймын. Олар мұны істеуі керек», – деді Трамп Ақ үйде журналистерге.

Ақ үй басшысының айтуынша, бейбіт келісімге қол жеткізу үшін екі тарап та белгілі бір деңгейде ымыраға келуге мәжбүр болады.

«Олар ымыраға келеді. Мен сондай ымыра нұсқаларын ұсындым. Білесіздер, бұл мәселеге біздің де қатысымыз бар», – деді АҚШ президенті.

Трамп Мәскеу мен Киев ортақ мәмілеге келіп, ақыр соңында келісімге қол жеткізе алатынына сенім білдірді.

«Бұл – екі керемет ел, өте тамаша мемлекеттер. Олар бұл қақтығысты тоқтатады», – деді ол.

Сондай-ақ АҚШ президенті Вашингтонның қақтығысты тоқтатуды қолдайтынын тағы да атап өтті.

«Мен олардың бұл жағдайды тоқтатуы керектігін бірнеше рет нақты айттым. Бірақ әрқайсысы белгілі бір ымыраға баруы керек деп есептеймін. Менің ойымша, олар соған барады», – деп қосты Трамп.