Конгода Эбола өршіді: ДДСҰ 1000-нан астам жағдайдан кейін шараларды күшейтті

Автор: Алмас Ерсін

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы індеттің таралуын тежеу үшін Конгодағы бақылау мен медициналық көмекті күшейтіп жатыр

Фото: istockphoto.com

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Конго Демократиялық Республикасы тұрғындарын Эбола індетімен күреске белсендірек қатысуға шақырды. Сонымен қатар ДДСҰ аурудың таралуын тежеу үшін халықаралық қаржыландыруды арттыру қажеттігін мәлімдеді,  деп хабарлайды Azattyq RýhyReuters.

ДДСҰ бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус індетке қарсы шараларды үйлестіру үшін Конго Демократиялық Республикасына барды. Ел билігінің мәліметінше, жұма күнгі жағдай бойынша ауру жұқтырды деген күдікке ілінгендер саны 1028-ге жеткен.

ДДСҰ басшысы қазіргі індеттің ошағы саналатын Итури провинциясының әкімшілік орталығы – Буниа қаласына барған кезде жергілікті тұрғындардың індетпен күрестегі рөлі ерекше маңызды екенін айтты.

«Жергілікті халық мәселені жақсы түсінеді және оның шешімін де біледі», – деді Тедрос Адханом Гебрейесус журналистерге.

Оның айтуынша, халықаралық қауымдастық пен Конго билігінің қолдауына қарамастан, халықтың белсенді қатысуынсыз тұрақты нәтижеге қол жеткізу қиын.

«Иә, халықаралық қауымдастық бұл процеске Конго үкіметінің жетекшілігімен қатысып жатыр. Бірақ жергілікті тұрғындардың жауапкершілігі де маңызды. Біз осында жағдайға қарсы әрекет қалай жүріп жатқанын халықпен бірге талқылау және қиындықтар болса, көмек көрсету үшін келдік», – деді ДДСҰ басшысы.

Бұған дейін Киншасаға барған Тедрос халықаралық серіктестерді қаржылық көмекті ұлғайтуға шақырған. Оның айтуынша, ұйым індетпен күреске қажет қаражаттың әзірге тек үштен бір бөлігін ғана алған.

Ал «Шекарасыз дәрігерлер» гуманитарлық ұйымы қазіргі Эбола індеті рекордтық қарқынмен таралып жатқанын ескертті. Ұйым мәліметінше, бұл – елде 1976 жылдан бері тіркелген 17-інші індет.

«Бұған дейін Эбола індеті жарияланғаннан кейін мұншалықты қысқа уақытта мұнша көп жағдай тіркелген емес», – деді ұйымның операциялық бөлім директорының орынбасары Алан Гонсалес.

Ол сондай-ақ індетпен күреске тартылған медициналық ұйымдар саны мен көрсетіліп жатқан көмектің көлемі жергілікті жердегі нақты қажеттіліктен әлі де едәуір төмен екенін айтты.