Канада Эбола індетінің таралу қаупіне байланысты бірқатар ел азаматтарының елге кіруін уақытша шектеді

Автор: Алмас Ерсін

Ел билігі Конго Демократиялық Республикасы, Уганда және Оңтүстік Судан тұрғындарына берілген иммиграциялық құжаттардың күшін 90 күнге уақытша тоқтатты. Сондай-ақ аталған елдерде болған барлық азамат үшін міндетті карантин енгізілді.

Фото: istockphoto.com/mfron

Канада билігі Эбола қызбасының таралу қаупі жоғары елдердің тұрғындары үшін елге кіруге уақытша шектеу енгізді. Сонымен қатар сенбіден бастап ол елдерде болған азаматтар үш апта бойы оқшаулануға міндеттеледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Канада үкіметінің сайтына сілтеме жасап.

«Канада үкіметі Эбола індетінің таралу қаупі жоғары немесе өте жоғары елдердің тұрғындарына берілген иммиграциялық құжаттардың күшін 27 мамырдан бастап 90 күнге тоқтатуды жоспарлап отыр… Бұл жолы шектеу Конго Демократиялық Республикасы, Уганда және Оңтүстік Суданға қатысты», – делінген ресми мәлімдемеде.

Шектеулер қолданыстағы визасы немесе тұруға рұқсаты бар адамдарға да әсер етеді.

«Үкімет 30 мамыр мен 29 тамыз аралығында қосымша шара енгізуді жоспарлап отыр… Оған сәйкес, соңғы 21 күн ішінде аталған аймақтарда болған Канада азаматтары, тұрақты резиденттер және шетел азаматтары, егер оларда ауру белгілері болмаса, 21 күн бойы карантин сақтауына міндеттеледі», – деп нақтыланған баспасөз хабарламасында.

Өзін-өзі оқшаулауға жағдайы жоқ адамдар үшін билік арнайы орындар ұсынуға дайын.

«Ауру белгілері бар жолаушылар қосымша тексеру үшін ауруханаға оқшауланады», – делінген хабарламада.

Қабылданған шараларға қарамастан, Канада денсаулық сақтау министрлігі ел ішіндегі Эбола індетінің таралу қаупін төмен деп бағалап отыр. Ведомство енгізілген шектеулерді «Эбола ауруының аса қауіпті болуымен және әлемдегі қазіргі жағдаймен, оның ішінде футболдан әлем чемпионатымен» байланыстырған.