«Тежегіштері істен шыққан»: Hyundai көліктері кері қайтарылып жатыр

Автор: Асқарова Қарлығаш

Енді көліктің бағдарламалық жүйесі қайта жаңартылады

Фото: driveclassichyundai.com

АҚШ-та Hyundai 421 мыңнан астам көлігін кері қайтарып жатыр. Бұған алдыңғы камераның бағдарламалық жүйесіндегі ақау себеп болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Reuters-ке сілтеме жасап.

Ақауға байланысты көлік ешқандай кедергі болмаса да өздігінен тежелуі мүмкін. АҚШ-тың Жол қозғалысы қауіпсіздігі ұлттық басқармасының мәліметінше, мұндай қате жол апаты қаупін арттырады.

Көліктерді кері қайтару науқанына 2025-2026 жылы шыққан Hyundai Santa Cruz, Tucson, Tucson Hybrid және Tucson Plug-In Hybrid Electric модельдері кірген. Компания ақауды тегін жөндейтінін мәлімдеді. Дилерлік орталықтар көліктің бағдарламалық жүйесін жаңартады.

Айта кетейік, Hyundai компаниясы АҚШ-та бір апта ішіндегі екінші көліктерін ауқымды көлемде кері қайтарып отыр. Бұған дейін компания 2024-2026 жылғы 54 337 Elantra Hybrid көлігін гибридті жүйені басқару блогының қызып кету қаупіне байланысты кері қайтарған еді.