Әскери қимылдар басталғаннан бері АҚШ-тың 13 әскери қызметкері қаза тапты
АҚШ Пентагонының жоғары лауазымды өкілі Ирандағы әскери қақтығысқа қазіргі уақытта 25 миллиард доллар жұмсалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Reuters-ке сілтеме жасап.
Джулс Херсттің айтуынша, қаржының басым бөлігі оқ-дәрілер мен қару-жараққа жұмсалған. Аталған сома NASA агенттігінің жылдық бюджетіне тең.
Соғыс шығындарына қатысты деректер әртүрлі. Өткен айда Трамп әкімшілігі соғыстың алғашқы алты күнін 11,3 миллиард долларға бағалағаны хабарланған болатын. Соғыс салдарынан мұнай мен табиғи газ жеткізудегі іркілістер АҚШ-та бензин мен азық-түлік бағасының күрт өсуіне және инфляцияның өршуіне алып келді.
Әскери қимылдар басталғаннан бері АҚШ-тың 13 әскери қызметкері қаза тауып, жүздегені жараланған. Қазіргі уақытта тараптар арасында уақытша бітім орнаған, бірақ Пентагон Таяу Шығыс аймағында ондаған мың әскері мен үш ұшақ таситын кемесін қалдырып отыр.