Еуропа елдері қақтығыстың үлкен соғысқа ұласып кетуінен қауіптенеді
АҚШ-тың еуропалық одақтастарымен қарым-қатынасы сынға түсті. Дональд Трамп Иранға қарсы қатаң экономикалық және әскери қысымды күшейтіп, дүйсенбі күні бұл елдің порттарына блокада жариялады. Оның айтуынша, блокада аймағына жақындаған кез келген ирандық кемені АҚШ әскерилері жояды. Алайда, НАТО-дағы басты серіктестер - Ұлыбритания мен Франция Трампты қолдаудан үзілді-кесілді бас тартты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Reuters-ке сілтеме жасап.
Еуропа елдері қақтығыстың үлкен соғысқа ұласып кетуінен қауіптенеді. Ұлыбритания Премьер-министрі Кир Стармер қандай қысым болса да, елді соғысқа итермелеуге жол бермейтінін мәлімдеді. Еуропалықтар Ормуз бұғазы арқылы өтетін мұнай тасымалының қауіпсіз жолын іздеп жатыр. Одақтастар тек соғыс толық тоқтағаннан кейін ғана гуманитарлық немесе бақылау миссияларына қатысуға дайын екенін жеткізді.
Одақтастарының бұл әрекеті Дональд Трамптың ашуына тиді. Ол бұған дейін де Еуропа елдері өз қауіпсіздігі үшін жеткілікті деңгейде ақы төлемейді деп айыптап, АҚШ-тың НАТО-дан шығуы мүмкін екенін бірнеше рет меңзеген болатын. Енді альянс ішіндегі дағдарыс одан ары тереңдей түспек.
Батыс елдері арасындағы алауыздық Иран мәселесін шешудің орнына, халықаралық қауіпсіздік жүйесін әлсірете түскендей.
Айта кетсек, Ормуз бұғазы - әлемдік мұнай тасымалының бестен бір бөлігі өтетін стратегиялық маңызды нүкте. Егер әскери қақтығыстар шиеленісе берсе, шикізат бағасының күрт өсуіне себеп болады. Халықаралық тасымал жолдары шектеліп, әлемдік саудаға зардабын тигізеді.