Ол сонымен қатар 1 млрд доллар сұраған
Уганда Қарулы күштерінің штаб бастығы әрі ел президентінің ұлы Мухузи Кайнеругаба өзінің ерсі мәлімдемесімен тағы да әлем назарын аударды. Бұл жолы генерал Түркия билігіне ақылға қонымсыз шарттар қойып, дипломатиялық дау тудырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кайнеругаба Түркиядан 1 миллиард доллар талап етті. Оның айтуынша, Уганда әскері Сомалидегі лаңкестермен күресіп, қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жатқанда, Түркия сол өңірдегі бизнес пен порттардан пайда тауып отыр. Генерал ақшамен қатар, Түркияның «ең сұлу әйелін» әйелдікке беруді сұраған. Талаптар орындалмаса, Кайнеругаба 30 күн ішінде Түркияның Угандадағы елшілігін жауып, екі ел арасындағы қарым-қатынасты үзуге уәде берді. Сондай-ақ ол отандастарына «қауіпсіздік мақсатында» Түркияға бармауға кеңес берді.
Бұл Кайнеругабаның алғашқы оғаш әрекеті емес. Бұған дейін ол Италия Премьер-министрі Джорджия Мелониге үйлену үшін 100 сиыр сыйлауға дайын екенін айтып, жұртты күлдірген болатын.
Айта кетейік, Уганда әскері соңғы жиырма жылға жуық уақыт бойы Африка одағының миссиясы аясында Сомалидегі «Әл-Шабааб» лаңкестік тобымен күресіп келеді. Генерал соның «ақысын» сұрап отыр. Дегенмен, мұндай мәлімдемелер екі ел арасындағы ресми қатынасқа нұқсан келтіруі мүмкін.