Сайлауда Еуропалық Одақты қолдайтын оңшыл-центристік «Тиса» партиясы жеңіске жетті
Венгрияда 16 жыл бойы билікте болған премьер-министр Виктор Орбан сайлауда жеңіліске ұшырады. Венгрлер Еуропалық Одақты қолдайтын Петер Мадьяр бастаған оңшыл-центристік «Тиса» партиясына рекордтық көрсеткішпен дауыс берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Reuters-ке сілтеме жасап.
Отыз жылдан астам саясатта жүрген Орбан жас сайлаушылардың қолдауынан айырылды. Жастар елдегі саяси жүйенің жаңаруын қалайтынын көрсетті.
Соңғы жылдары Венгрияда азық-түлік бағасы күрт өсіп, жалақы деңгейі Еуропа бойынша ең төменгі көрсеткішті көрсетті. Халықты ішкі экономикалық тоқырау мен денсаулық сақтау саласы алаңдатқан.
«Бұл нәтиженің ел тағдыры үшін маңызы қандай екенін уақыт көрсетеді. Бірақ қандай жағдай болса да, біз оппозицияда жүріп өз елімізге қызмет етуді жалғастырамыз»,- деді жеңілісін мойындаған Виктор Орбан.
Енді Петер Мадьярдың партиясы парламентте көпшілік орынға ие болып, Орбан енгізген даулы реформалардың күшін жоюды жоспарлап отыр. Орбанның сот жүйесі мен БАҚ еркіндігін шектеуіне байланысты Еуропалық Одақ Венгрияны қаржыландыруды тоқтатқан болатын. Оппозиция бұл реформалардың күшін жоюды көздеп отыр.