«Қарғыс атқан бұғазды ашыңдар!»: Трамп Иранға дөрекі талап қойды

Автор: Алмас Ерсін

Трамп Ираннан Ормуз бұғазын ашуды талап етіп, қатаң мәлімдеме жасады

Фото: REUTERS

АҚШ президенті Дональд Трамп Иран басшылығына ашулы үндеу жолдап, онда Ормуз бұғазын балағат сөзбен ашуды талап еткен жазба жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Сейсенбіде (7 сәуір – ред.) Иранда әрі «Электр станциялары күні», әрі «Көпірлер күні» болады – бәрі бір күнде. Мұндайды әлі көрген жоқсыздар! Әлгі қарғыс атқан бұғазды ашыңдар, сендер, есі кеткен оңбағандар, әйтпесе тозақта өмір сүресіңдер. Көресіңдер», – деп жазды ол Truth Social әлеуметтік желісінде.

АҚШ президенті ашулы жазбасын «Аллаға мадақ» деген сөзбен аяқтаған.

АҚШ пен Израильдің Таяу Шығыстағы операциясы Ормуз бұғазы арқылы кеме қозғалысының іс жүзінде толық тоқтауына әкелді. Бұл – араб елдерінен мұнай мен сұйытылған табиғи газ жеткізілетін негізгі бағыттардың бірі. Соның салдарынан әлемнің көп елінде жанармай бағасы өсті.

Қазір бұл бұғаз арқылы Иранға достас мемлекеттерге ғана өтуге рұқсат беріліп отыр. Tasnim мәліметінше, олардың қатарында Ресей, Қытай, Үндістан, Ирак және Пәкістан бар.

Трамп бұған дейін кейбір Еуропа және Азия елдерін аймаққа кемелер жіберіп, өткелді ашуға шақырған. Алайда көптеген мемлекет бұл ұсыныстан бас тартқан.