Трамп әкімшілігі Кубамен күтпеген келісім дайындап жатыр – БАҚ
Бұл туралы жақын арада ресми мәлімдеме жасалуы мүмкін
АҚШ Кубамен экономикалық келісім әзірлеп жатыр. Оның мазмұны әзірге жарияланған жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy USA Today басылымына сілтеме жасап.
Газеттің екі дереккөзге сүйеніп жазуынша, Дональд Трамптың әкімшілігі Кубамен экономикалық келісім дайындап жатыр. Бұл туралы жақын арада ресми түрде жариялануы мүмкін.
Болжанып отырған келісімнің нақты мазмұны мен қашан жарияланатыны әзірге белгісіз.
«Келісім аясында америкалықтардың Гаванаға сапарына қатысты шектеулерді жеңілдету қарастырылуы мүмкін. Мұндай шектеулерді жұмсарту үшін Трампқа Конгресс мақұлдауы қажет емес», – деп жазылған материалда.
Басылымның мәліметінше, келісім шеңберінде Куба президенті Мигель Диас-Канельдің аралдан кету мүмкіндігі және Кастро әулетінің отбасының елде қалуы мәселесі де қарастырылып жатқан көрінеді. Сонымен қатар құжатта порттарды пайдалану, энергетика және туризм саласына қатысты бөлімдер болуы мүмкін.
Бұған дейін Дональд Трамп АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Куба үкіметімен келісім жасау үшін келіссөз жүргізіп жатқанын ашық айтқан еді.
«Оның (Кубаның – ред.) алда жаңа әрі жақсы өмірі болады. Бірақ қазір ол бүгінгі қалпындағы өмірінің соңғы кезеңін бастан өткеріп жатыр», – деді АҚШ президенті.
Еске салайық, қаңтар айында Дональд Трамп Куба дереу «келісім жасамаса», белгілі бір салдары болатынын айтып, Венесуэладан Кубаға бағытталған ақша мен мұнай ағыны Венесуэла лидері Николас Мадуро ұсталғаннан кейін тоқтайтынын мәлімдеген болатын.
Кейін Ақ үй басшысы Венесуэладан мұнай жеткізу тоқтағаннан кейін Куба күйреуге өте жақын қалғанын да айтқан еді. Ал Куба басшысы АҚШ-пен қақтығысқа дайын екенін мәлімдеді