Шекарадағы шиеленіс: Пәкістан Ауғанстанның бірнеше қаласын бомбалады

Автор: Темірхан Айжан

Жүзден аса тәліп қаза тапты 

Фото: Handout via REUTERS

Пәкістан қарулы күштері Ауғанстанның ірі қалаларындағы «Талибан» үкіметінің нысандарына әуеден соққы жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі reuters-ке сілтеме жасап.

Пәкістан қауіпсіздік қызметінің мәліметінше, шекара бойындағы тәліптердің бекеттеріне, штаб-пәтерлеріне және оқ-дәрі қоймаларына әуеден және жерден шабуыл жасалған. Кабул қаласы, Қандағар, Пактия және Нангархар провинцияларына соққыға ұшыраған.

Қақтығысқа қатысты екі елдің ресми өкілдері әртүрлі ақпарат таратты. Қорғаныс министрі Ходжа Мухаммад Асиф Пәкістанның шыдамы шегіне жеткенін мәлімдеді. Ресми Исламабад бұл әрекетті Ауғанстан тарапынан болған «негізсіз шабуылдарға» жауап деп атады. Пәкістан өкілі Мошарраф Заидидің айтуынша, 133 тәліптің көзі жойылып, 200-ден астамы жараланған, сондай-ақ 27 бекет талқандалған.

Тәліптердің ресми өкілі Забихулла Муджахид Пәкістанның айыптарын жоққа шығарды. Оның дерегінше, ұрыс барысында 55 пәкістандық сарбаз мерт болып, 19 бекет басып алынған. Сондай-ақ ол 13 бейбіт тұрғынның жараланғанын хабарлады.

Пәкістан Ауғанстанды өз аумағында «Пәкістанға шабуыл жасайтын содырларды жасырып отыр» деген айыптайды.  Тәліптер бұл айыптауды үзілді-кесілді жоққа шығарып, Пәкістанның қауіпсіздігі оның ішкі мәселесі екенін айтады.

Қазіргі уақытта 2600 шақырымдық шекара бойында жағдай өте шиеленісіп тұр. Ауғанстанның Нангархар провинциясындағы ақпарат агенттігі «камикадзелер батальоны» Пәкістанның ірі нысандарына соққы беруге дайын екенін хабарлап, қауіп деңгейін арттыра түсті.