Күдікті 21 жаста
АҚШ Құпия қызметінің агенттері Дональд Трамптың Мар-а-Лаго резиденциясына кірмек болған ер адамды атып өлтірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ВВС жазғандай, оқиға жексенбі күні жергілікті уақытпен сағат 01:30-да болған. Солтүстік Каролина штатының 21 жастағы тұрғыны Остин Т. Мартин резиденциядан қонақтардың бірі шығып бара жатқан сәтті пайдаланып, ішке кіріп кеткен.
Шериф Рик Брэдшоудың хабарлауынша, күдіктінің қолында мылтық пен жанармай құйылған ыдыс болған. Құпия қызмет агенттері қаруды тастауды бұйырған, алайда күдікті оқ ата бастаған, күзет қызметкерлері оны атып тастаған. Оқиға кезінде Дональд Трамп пен оның отбасы резиденцияда болмаған. Істі Федералды тергеу бюросы мен Палм-Бич округінің шериф кеңсесі тергеп жатыр. Күдіктінің бұған дейін жоғалып кеткені туралы туыстары арыз бергені анықталды.
Ақ үй өкілі Кэролайн Ливитт Құпия қызметтің кәсіби әрекетін атап өтіп, президент пен оның отбасының қауіпсіз екенін растады.
Бұл соңғы екі жыл ішінде Дональд Трамптың қауіпсіздігіне қатысты тіркелген үшінші ірі оқиға. Бұған дейін 2024 жылдың шілдесінде Пенсильваниядағы митингте Трампқа қастандық жасалса, қыркүйек айында Флоридадағы гольф клубында қарулы адам ұсталған болатын. 2026 жылдың ақпанында соңғы оқиға бойынша айыпталушы Райан Рут өмір бойына бас бостандығынан айырылған еді.