Олар интернет алаяқтықпен, жезөкшелікпен және есірткі өндірісімен айналысқан
Қытай соты Мьянмада алаяқтық орталықтарды басқарған Мин әулетінің 11 мүшесін өлім жазасына кесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
CNN жазуынша, Мин әулеті – Солтүстік Мьянмада қылмыстық бизнес құрған ірі төрт отбасының бірі. Олар интернет алаяқтықпен, жезөкшелікпен және есірткі өндірісімен айналысқан. Әулеттің кейбір мүшелері жергілікті үкімет пен әскери күштермен байланыста болған.
Синьхуа агенттігінің хабарлауынша, өлім жазасына кесілгендер адам өлтіру, заңсыз ұстау және алаяқтық сияқты қылмыстарға кінәлі деп танылған. Екі күдікті апелляцияға бергенімен, Қытайдың Жоғарғы халық соты бастапқы үкімді күшінде қалдырған.
Мин Сюэчан басқарған қылмыстық топ ұзақ уақыт бойы Мьянма мен Қытай шекарасындағы Коканг автономиялық аймағында орналасқан «Crouching Tiger Villa» деп аталатын әйгілі кешенмен байланысты болды. CCTV телеарнасының мәліметінше, бұл топ 10 мың адамды алаяқтық пен басқа да қылмыстарға тартқан.
Коканг астанасы Лауккаинг алаяқтық индустрияның орталығы болып саналды. Мұнда адам саудасының құрбандары алаяқтық схемаларға көптеп тартылды. Құлдыққа түскен туыстарын іздеушілер көбейіп, ақпарат құралдары жиі назар аудара бастаған соң 2023 жылы Бейжің қылмыстық топтарға қарсы шараларды қатаңдатты.
Сол жылдың қарашасында Қытай Мин әулетінің мүшелеріне іздеу жариялап, басына 14 мыңнан 70 мың АҚШ долларына дейін сыйақы тағайындады. Әулеттің басы Мин Сюэчан штаттардың бірінде депутат болған. Қамауға алынған соң өз-өзіне қол жұмсап, көз жұмған.
Қазіргі сәтте өлім жазасына кесілгендердің арасында Мин Сюэчанның ұлы Мин Гопин және немересі Мин Чжэньчжэнь бар. Оларға жаза орындалғанша туыстарымен кездесуге мүмкіндік берілген.
Америкалық бейбітшілік институтының мәліметінше, Оңтүстік-Шығыс Азиядағы алаяқтық топтар жыл сайын 43 миллиард долларға жуық қаражат ұрлайды. Мьянмадағы азаматтық соғыс алаяқтық схемалардың өршуіне алып келді.